Сенат Төрағасы Buketov University-дің ғылыми әлеуетімен танысты

25 қараша күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жанындағы Ж. Ақылбаев атындағы технопарктің қызметімен танысты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы ғылыми-білім беру және инновациялық әзірлемелерді дамыту мен коммерцияландыруға бағытталған кешенге жоғары баға беріп, оны ғылыми идеяларды сынақтан өткізіп, дайын өнімге айналдыруға мүмкіндік беретін заманауи алаң ретінде атап өтті.

Мәулен Әшімбаев «Жаңартылатын энергия көздері» ғылыми зертханасына, Химиялық мәселелер ғылыми-зерттеу институтына, сондай-ақ сутегін өндіру және сақтау проблемалары зертханасына барды.

Қонаққа университеттің 2025 жылғы үздік ғылыми жобалары таныстырылды. Физика-техникалық, Химия, Биология-география және Заң факультеттерінің ғалымдары жасанды интеллектіні қолдану арқылы жүргізілген зерттеулерін, сондай-ақ заманауи экологиялық жобаларын таныстырды.

«Қазақстандық социум цифрлық трансформация жағдайында: мүмкіндіктері мен тәуекелдері», «Жасанды интеллектті пайдалана отырып, онкологиялық аурулардың предикторларын анықтауға арналған оптикалық спектроскопиялық әдістерді әзірлеу» және «Жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы Қазақстан Республикасы халқы үшін сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етудің инновациялық тәсілдері» атты жобалар Мәулен Әшімбаевтың ерекше қызығушылығын тудырды.

Айта кету қажет, технопарк базасында студенттер, магистранттар және PhD докторанттары заманауи құрал-жабдықтарда білім алып, ғылыми-зерттеу практикасын өтеді, сондай-ақ дипломдық жұмыстар мен жобаларды орындайды. Технопарктің ашылуы ғалымдардың инновациялық және қолданбалы зерттеулерін іске асыруға арналған тиімді алаң қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.