Қасиетті Сыр топырағында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи белес болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы басқосуда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі реформалауға және рухани құндылықтарды ұлықтауға бағытталған стратегиялық бастамаларды жария етті. Филолог-ғалым ретінде мені бұл жиында көтерілген тарихи сананы жаңғырту мен мемлекеттік институттарды дамыту мәселелері ерекше толғандырады.

Тарихи сабақтастық және рухани мұра Президент «Сыр – Алаштың анасы» атанған өңірдің, оның ішінде Шірік-Рабат, Сығанақ секілді көне қалалардың тарихи маңызын атап өтті. Сыр бойы – Қорқыт ата заманынан жалғасқан жыраулық-күйшілік өнердің алтын бесігі. Жиында Абай ілімін ұлттық болмысымыздың өзегі ретінде дәріптеу және оның «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу туралы маңызды ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Қазақстан тарихының академиялық жеті томдығының жарыққа шығуы – ұлттық бірегейлікті нығайту жолындағы қомақты үлес болмақ.
Саяси реформалардың жаңа кезеңі Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудың кезекті қадамдарын айқындап берді. Соның ішіндегі ең негізгі өзгеріс – бір палаталы Парламентке көшу және оны халқымызға тарихи тұрғыдан жақын «Құрылтай» деп атау туралы ұсыныс. Бұл реформа Парламенттің ықпалын арттырып, кәсібилігін нығайтады. Сонымен қатар, билік иерархиясын айқындап, мемлекеттік басқаруды тұрақтандыру үшін Вице-президент лауазымын енгізу жоспарлануда.
Халық Кеңесі – жалпыұлттық диалог платформасы Қоғам мен билік арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру мақсатында Қазақстанның Халық Кеңесін құру туралы бастама көтерілді. Бұл жаңа мемлекеттік орган Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың миссияларын жалғастырып, стратегиялық сабақтастықты сақтайды. Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығының берілуі оның мәртебесін айтарлықтай арттырады.
Цифрландыру және болашаққа бағдар Жаңа дәуірдің талабына сай, «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясы қолдау тапты. Бұл тарихи мұрамыз бен мәдени жәдігерлерімізді электронды форматта сақтап, жаһандық цифрлық өркениетке қосуға мүмкіндік береді. Президент атап өткендей, жасанды интеллект заманына бейімделе білген елдер ғана табысқа жетеді.
Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдер – Әділетті Қазақстанды құрудың нақты кепілі. Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы мен заң үстемдігі қағидаттары қоғамымыздың басты бағдары болуға тиіс. Біз, зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар, осы реформаларды қолдай отырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті мамандар тәрбиелеу арқылы ел дамуына өз үлесімізді қоса береміз.
Құрманғазы Сембиев, ф.ғ.к., ЖАК доценті,
«Bolashaq» академиясының профессоры,
Қазақ тілі мен әдебиеті
кафедрасының меңгерушісі