Бұл оқу орны жайлы түнді-түнге созып небір қызықты әңгімелерді айта берсе болады. Әсіресе қызығы мен шыжығы мол студенттік өмірді. Арман қуған албырттықпен осы оқу орнына тағдырдың айдауымен ойламаған жерден түстім. Максимализм деген арқаның Ақсораңынан биіктеу кезі ғой.
Бірде тоқ, бірде түлкіқұрсақ студенттік шағым сайранмен ғана өтпеді, білікті маман болып қалыптасып, телегей теңіз білімі иелерінен дәріс тыңдадым. Бұл да бір ғанибет екен. Көкейге көп нәрсе тоқисың. Бағдаршам болды, кейде қалың тұман ішінен адастырмас шырақ болды.
“Адаспаймыз ұлы жолдан, ұстаз берген білім қолда” деген ұранмен өз жолымызды іздедік те кеттік. Негіз берік болса, адаса қоймайтыныңды кейін түсіне бастадық.
Кеше ғана дипломды қолға алып, түндей тылсымы мол келешек үрейлендіргені рас еді. Ал енді, “Болашақ” академиясында алған білімім бұл күнде мыңжылдық азығыма айналып отыр.
Ұстаздарымның ұлы жолын жалғауға талпынып, мен де білім беру саласына ойыстым. “Ат айналып қазығын тапқандай” мен де өз қазығымды тапқандаймын. Өмірде бастысы осы емес пе деп ойлаймын.
Өз жолыңды табу, және сол жолмен адаспай жүру.
Осы тұрғыда “Болашаққа” алғысым зор!