Пікір

«Bolashaq» Академиясынның ректоры, профессор
Құралбай Несіпбекұлы Меңлібаевқа
6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2020-2021 оқу жылындағы онлайн
диплом жұмысын қорғау, кешендік емтихандар тапсыру бойынша қысқаша

ПІКІР

«Bolashaq» академиясы 6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша бітіруші студенттердің диплом жұмысын қорғау және кешендік емтихандар тапсыру үдерісі академияның қашықтықтан оқыту программасы бойынша MOODL платформасы арқылы онлайн режимде өтті.
Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасы бойынша диплом жұмысын 17 бітіруші түлек қорғады және екі студент кешендік емтихандар тапсырды.
Диплом жұмысы тақырыбының көпшілігі бүгінгі білім талаптарымен толықтай үйлеседі, «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар бағдарламасы» аясындағы идея мазмұнына сай алынған.
«Bolashaq» академиясында онлайн үлгісінде диплом жұмысын қорғау жақсы жолға қойылғаны байқалады, яғни жетекші пікірі, жұмыс қорытындысы бойынша сырттан берілетін сын пікір, нормалық бақылау парағы, жұмыстың антиплагиат бағдарламасынан өткені туралы құжаттар талапқа сай келеді.
Бакалаврлық диплом жұмысына берілген сын пікірден жұмыспен толық танысқаны байқалады, сын пікір беруші онда жұмыстың тақырып мазмұнына сай орындалып, қойылатын талапқа сай жазылғанын, мәселені талдап, дұрыс саралай алғанын атап өтеді.
Сондай-ақ мемлекеттік аттестаттау комиссиясы мүшелері мен ғылыми жетекшілері де өздеріне жүктелген жұмысты үлкен жауапкершілікпен сезінді. Диплом жұмысының кемшіліксіз қорғалуына қызығушылық танытып, студенттердің белсенділігін арттыруға ықпал етті. Кафедра оқытушыларының, соның ішінде топ кураторларының да корпоративтік рухы, жұмыс барысындағы ынтымақтастығы, бірлікті қарым-қатынасы айқын көрінді.
Сонымен қатар бітірушілердің де өз тақырыбына деген ынтасы, оны айқын әрі нақты түрде жеткізсем деген талап-жігері де қорғау үстінде айрықша сезілді. Студенттер онлайн режимін жақсы меңгерген және дайындықтары жоғары деңгейде. Бакалаврлық диплом жұмысы мен кешендік емтихан билеттеріне қатысты қойылған сұрақтарға нақты әрі мазмұнды, сапалы жауап берді. Бакалаврлық диплом жұмыстары оқу үдерісіне енгізіліп, өздері сабақ беретін сыныпта пайдаланылған, тақырыбы бойынша көрсетілген таныстырылым (презентация) слайды талапқа сай безендірілген.
Жұмысын үздік қорғап, белсенділігімен көзге түскен студенттерге алда магистратураға түсуге кеңес берілді. Мәселен, қорғау барысында ерекшеленген мынадай дипломшыларды атап өтуге болады: Т.Құдайберген, А.Ашамаева, А.Әлімбаева, З.Бақытбек, Г.Асанова т.б.
Жалпы, онлайн режимде диплом жұмысын қорғату, кешендік емтихандар тапсыру бірден бір қиындық туғызған жоқ, қайта студенттердің монитор алдында қысылмай еркін сөйлеп, ой-пікірін жүйелі түрде жеткізуге тырысқанын байқадық.
Заманауи бәсекеге қабілетті қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын оқытып шығарған «Bolashaq» академиясының басшылығына, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұжымына алғысымды білдіремін.

6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»
білім беру бағдарламасы
бойынша мемлекеттік аттестациялық
қорытындылау комиссиясы
төрағасы, Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды университеті
филология факультеті
қазақ тіл білімі
кафедрасының
доценті, ф.ғ.к. Бектұрсын Аманқұлұлы Қалиев.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Мысль на тему “Пікір”