Тұғырлы тұлға тағылымы

Шет ауданы әкімдігі белгілі ғалым, Қазақстан ПҒА Құрметті академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мәдениет қайраткері, салалық және мемлекеттік марапаттар иегері Мәуен Хамзинмен аудан жұртшылығының кездесуін ұйымдастырды.

Кездесу өте мазмұнды, еш боямасыз, табиғи сипатты, қызықты өтті. Ауданның сыйлы азаматтары, аға буын өкілдері, сыныптастары, ұстаздары мен шәкірттері қатысқан осынау тамаша іс-шарада Құрметті академик өз өмір жолын баяндай отырып, өмірден өте ерте өткен, өз заманының зерделісі Хамза әкесі туралы және бүкіл перзенттерін ел қатарына қосқан аяулы анасы Кенжеш туралы, ұстаздары, замандастары туралы сыр шертті.

Сұрақтарға жауап берді, кітаптарын кітапханаға сыйға тартты. Мазмұнды кешке жиналғандар жерлес ғалымды қимай, уақыттың қалай өткенін білмей қалды. Және бір атап өтерлік жайт: «Кеншоқы – кием менің» әні орындалып, тұсаукесер рәсімі өтті (сөзін жазғандар: М.Хамзин, Ғ.Ештанаев, әнін жазған: Б.Қалиев).

«Тұғырлы тұлға тағылымы» атты мазмұнды кеш осы топырақтан түлеп ұшқан, есімі елге, шетелге мәлім ғалымның туған жеріне құрметі, берген есебі деп қабылдады қалың жұртшылық.

Ел ағалары, замандастары, ұстаздары мен шәкірттері ғалымға шынайы, ақ тілектерін арнаса, педагог-ғалым қалың жұртшылыққа, аудан басшысына алғысын білдірді.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.