16 декабря 2021 года наша страна отметит 30-летний юбилей своей Независимости.
Академия “Bolashaq” начинает публикацию цикла тематических статей на сайте вуза и студенческой газеты “ЛиМоНаД”.
Предлагаем вашему вниманию статью доктора филологических наук, профессора Академии Хамзина Мауена Хамзиевича.
ӨТКЕНГЕ – БАҒА, БОЛАШАҚҚА – БОЛЖАМ…
Адамзат баласының ғұмыр кешуінде тарихи – философиялық Уақыт пен Кеңістік ұғымдарынан тыс тұратын ештеңе жоқ. Жиырма – отыз жыл түгілі, тұтас ғасырдың өзі адамдар үшін ұзақ мерзім боп көрінгенімен, тарих үшін бір ғана сәт, бір ғана мезет. Қазақстан тәуелсіздікке ие болғанына 30 жыл толуын биыл атап өтеді. Көп уақыт емес. Адам үшін де, тарих үшін де. Ал, алапат оқиғалар, шекараны шегендеп, іргені бекемдеу, әлемдегі дамыған өркениетті елдер қауымдастығына қосылуға әрекеттену, экономиканы дамытудың заманауи жаңа тетіктерін игеру, сана жетілуі, рухани, саяси саладағы өзгерістерге қол жеткізу т.б, бүгінгі күн биігінен өткенге құрғақ түрде шолу жасау емес, нақты ғылыми – сараптамалық негізде ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты еңбегінде шынайы көрініс тапқанын баса айтқан орынды. Мақалада өткенге баға беру болашақтағы болжам, міндетке ұласып, кешендік сипат тапқан.
КСРО сияқты алып империя ыдырағаннан кейін Қазақстанға алғашқы кезеңнің қаншалықты ауыр болғанын мақала авторы шынайы түрде көрсете алған. Бір жайт анық: ғасырлар тоғысында, сондай-ақ тұтас бір халықтың тағдыр – талайы сынға түскен сәтте тарих атты құдіретті күштің саяси сахнаға танымал тұлғаларды шығаратындығы. Егер Президент мақаласындағы жүріп өткен жолымызды үш онжылдыққа бөліп қарастыру принципіне ден қойсақ, сол тағдыркешті ауыр да күрделі кезеңдегі алапат іс-әрекеттің, іс-қимылдың, саяси сұңғылалықтың бастау кезінде тұрған жан ретінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевты атайтынымыз анық. Бірінші онжылдықтың еншісіне тәуелсіздіктің берік іргетасын қалау, билік жүйесін айқындау, ұлттық валютаны енгізу, ҚР Конституциясын қабылдау, әскер мәселесі, Халықаралық ұйымдарға мүше болу, Қазақстан – 2030 стратегиясы, шекараны бекемдеу, ядролық қарудан бас тарту, елорданы көшіру, отандық бизнес, нарық институты қағидаларын санаға сіңіру, қандастар көшінің басын елге бұру, шетелдерде оқып, білім алуды жүзеге асыру, ұлттық қорды құру т.б тиген екен. Енді бір сәт тарихи тұрғыдан ғана емес, саяси, экономикалық, ғылыми, философиялық тұрғыдан үңіліп, бажайласақ, қолымызды жүрек тұсымызға қойып, ақиқатын айтайықшы, небәрі он шақты жыл мерзім ішінде осындай салмағы да басым, күрмеуі де күрделі істерді жүзеге асыра алған мемлекет әлемде бар ма екен деген сауалға жауап іздейтінің анық қой?!
Автор әділ атап өткен, тәуелсіздіктің мәңгілік символы – Елбасы десек, мемлекет басшысы бар жігер, талант, іскерлік, сұңғылалығы арқасында біртұтас Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастық, көп векторлы сыртқы саясат, ұлтаралық татулық, рухани келісім мәселелеріне ерекше мән берді. Дер кезінде қолданылған тегеурінді әрі саяси нақты іс-әрекеттер болмағанда қандай қарбалас, аласапыран жайтқа тап боларымызды ешкім де болжап айта алмас-ау…
Мақала авторы дұрыс пайымдағанындай, екінші онжылдық еншісіне ЕЫҰҚ- қа төрағалық (бұрынғы КСРО құрамындағы республикалар ішінде тұңғыш рет) Қазақстан – 2050 Стратегиясының жасалуы, үдемелі – индустриялық даму жолдарын белгілеу, Аралды сақтап қалу, Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, еліміздің саяси бітімгершілік еліне айналуы, мәдени мұра мәселесі, экономикалық саладағы реформалар т.б бұйырды. Астын сызып айтайық, егер алғашқы он жылдықтағы тегеурінді әрі қайтпас қайсарлыққа негізделген жігерлі іс-әрекеттер, қалыптасқан нақты геосаяси кеңістікте ұтымды, сұңғыла тұжырымдама болмағанда, екінші, үшінші онжылдықта дамудың жаңа кезеңі, саяси тұрақтылықтың салтанат құруы неғайбыл еді. Бұл жайтты мойындаған абзал. Сол әрекет, болжампаздық үшінші он жылдықтағы игілікті істерге қолайлы алғышарттар жасады. Халық даналығы, ұлтымыздың, барша қазақстандықтардың парасаты мен сабыры, тағаттылығы мен төзімділігі алдыңғы шепке шығып, шешуші факторға айналмағанда, бүгінгі жетістіктерді сөз қылудың өзі ыңғайсыз болар еді.
Осы шағын еңбектің басында айтқанымыздай, өткеніне шолу жасау алдағы төртінші он жылдықтағы міндеттерді саралауға арналған.
Автордың пайымдауынша, ұлттық тамырынан ажырамау сана улануына жаһандану, алапат өркениеттер сапырылысында тосқауыл қоя білу, өткеніңді біліп қана қоймай, тарих тағылымы мен ұлы тұлғалар, қасіретті сәттерден сабақ алу, төл руханият, өнерін мен ұлттық құндылықтарыңды қастерлеу болғанда, болмысына елжандылық, намыс, биік зияткерлік ұялағанда ғана, тілін мен дініңе, діліңе, ең алдымен, өзіңнің құрметің асқақтағанда ғана қуатты елдің азаматы атанасың, кемел халықтың перзенті деген атқа ие бола аласың. Бұл айтылғандар Абайдың «толық адам», Шәкәрімнің «ар тазалығы» тұжырымдамаларынан бастау алғаны бірден аңғарылады. Және ортақ проблемаларды міндет ретінде ортаға салып қана қоймай, нақты келешек уақыт аясында бүгіннен бастап, нені атқарған жөн деген сауалдарға мақала авторы толымды жауап берген, ол – ата-бабалар аманатын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу; ол – қасиетті жеріміздің ешкімге ешуақытта сатылмайтындығы; тарихи жадың арзан, алайда тез улағыш қасиеті бар тобырлық, дүбәра мәдениетпен уланбауы керектігі; қазақ жерінде ғұмыр кешіп жатырсың ба, ендеше, оның тілін меңгер, ділін құрметте, дінін сыйла принципінің салтанат құруы.
Ол – қандастар көшін жандандыру; ұлттық өнеріңді өркендету, тарихи тақырыпты қамтыған кино-фильмдерді көбірек түсіру (кешегі уақыт аясындағы Жошы ұлысы, Алтын Орда, онан бұрынғы сақтар, ғұндар,түркі қағанаттары өзінен – өзі-ақ экранға сұранып тұр емес пе?), балалар әдебиетін өркендету, тамырын әлдеқашан тереңге жіберген Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы, әділдікті, әр азаматтың әлеуметтік тұрғыда бай – қуатты болуын қамтамасыз ететін шынайы, заңға сүйенген азаматтық қоғамды дамыту, Жер-анаңды, табиғатты аялау, экономикалық реформаларды заманауи уақыт аясында жүргізу – бәрі де Президент еңбегінде көрініс тапқан. Жүріп өткен жолымыз қанша қиын болса да, осы мамыражай, тұрақты уақытымызға алғышарттар жасапты, алдағы алар асуларға тәжірибе жинақталған екен, ендеше, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні салиқалы еңбек кемел келешекке сенімді түрде аяқ басудың жолын нұсқапты, ал, ол жол АДАМ – ҚОҒАМ – УАҚЫТ – САНА төрттағанында түйісіп тұр дегіміз келеді.
Мәуен ХАМЗИН, Академия профессоры, филология ғылымдарының докторы